13.04.2020 | Администратор
Коронавирустың емін табу үшін бүгінде бүкіл әлем бас қатыруда. Ал интернеттен ақпараттың неше атасын кездестіресің. Сол себепті, Оңтүстік Кореяда бұл вируспен қалай күресіп жатқаны және сырқаттарды қалай емдейтіні туралы қысқаша айтып өтейік.
Мәселен, статистикадан бастайық. Оңтүстік Кореяда коронавирус наурыздың басында өршіп кетті. Дәрігерлер күн сайын жүзден аса, кейде мыңнан аса вирус жұқтырған адамдарды анықтап жатты. Ал коронавирустың көптеп таралуына №31 емделуші тікелей себепкер болған. Тэгу қаласындағы "Синчхонджи" шіркеуінің мүшесі ауырған күйінде құлшылыққа барып, сектаның өзге мүшелеріне вирус жұқтырды.
Осылайша, 1 наурыз күні Оңтүстік Корея коронавирус өршіген елдер тізімінде Қытайдан кейінгі екінші орынға шықты (3736 оқиға, оның жартысы секта мүшелері). 4 наурыз күні Кореядағы вирус жұқтырғандар саны 5 мыңнан асса, 9 наурызда 7,5 мыңға жуықтады. Кейін Синчхонджи басшысы Корея халқы алдында ресми түрде кешірім сұрап, пандемияға қарсы күреске ақша ұсынады, бірақ жергілікті билік бұл қаражатты қабылдаудан бас тартады. Осыдан соң халық секта мүшелеріне қоқан-лоққы көрсете бастады, тіпті, шіркеу орналасқан Тэгу қаласын "Екінші Ухань" деп атап кетті .
Сеулдегі жағдай тұрақты болды және сырқаттанғандар саны 100 ауданда болып, 347 адамға дейін өсті (осы уақытқа дейін). Сеулдің және жанындағы қалаларының халқы 23,5 миллионнан астам адамды құрайтынын ескерсек, бұл жақсы көрсеткіш.
Кореялықтар коронавирусты анықтайтын жылдам тестті небары 17 күннің ішінде ойлап шығарды. Бұл тесттің дәлдігі 98 пайызды құрайды, нәтижесі 5-6 сағат ішінде анықталады. Ал Америкада нәтижені 4 күндей күтесіз. Жылдам тест шығарып, кейін карантин жариялағанның арқасында вирустың таралуы күрт төмендеді. Кәрістер күн сайын 20 мың адамнан тест алады, одан бөлек, қорда 140 000 артық тест бар. Яғни, олар оқиғадан бір апта алда жүрді. Сонымен қатар, дәрігерлер жазылып шыққан адамдарды да жіті бақылауда ұстап отыр. Алдағы уақытта вирусқа қарсы вакцина шығаруды жоспарлауда. Ал вирус жұқтырғандар туралы ақпарат онлайн түрде сәт сайын жаңарады. Олардың қайда барғаны, жүрген-тұрғаны да назарда. Дәріханаларда масканың бар-жоғын, қалай сатылып жатқанын да қалт жібермейді. Ел билігі жиі брифингтер өткізіп, халыққа есеп беріп жатыр.
МЕРС вирусы Кореяда 36 адамның өмірін қиды. Сол қайғылы оқиғадан соң арнайы "Ауруды қадағалау жөніндегі Корея орталығы" жұмыс істей бастады. Бұл орталық індетпен күресудің барлық жолдарын қарастырады. Кәрістерді өткеннен сабақ алды десем, артық емес. Кез келген қауіпті күтіп алуға дайын олар. Денсаулық сақтау жүйесінің дайындығы өте жоғары. Бүгінгі таңда елдегі вирус қарқыны әлдеқайда төмендеген. Қазіргі сәтте ауырған адамдар саны 10 537, 7 447 адам жазылып шықты. 217 адам көз жұмды.
Коронавирус табылған адамды кәрістер қалай емдеді? Ең алдымен вирус күдігі бар адамды ауруханаға әкеліп, тексеруді бастайды. Вирусқа қарсы вакцина әлі табылмағандықтан, ауру белгілерін емдей бастайды. Вирусқа қарсы дәрілерді өте белсенді қолданады. Әрине, жас ағзаның бұл ауруды жеңетін мүмкіндігі көп. Алайда, бәрінен бұрын қарттарға және қосымша аурулары көп адамдарға қиын соғуда. Кореяда коронавирусқа шалдыққан адамдарды тегін емдейді. Ол жергілікті халық па, шетелдік пе, тіпті, заңсыз жүрген адам ба, бәрібір. Бастысы – вирус таралмаса болғаны.
Халықтың бірлігі арқасында кәрістер бұл қиындықтан да шығып келеді. Билік вирусты алдын-алу бойынша белсенді ақпараттық саясат жүргізеді, өз азаматтарын әлеуметтік жауапкершілікке шақырады, науқастар үшін сенім телефонын жасады, пациенттермен байланысқа түскендердің барлығын тексеріп, карантингежатқызды, коронавирусты тексеруге арналған 96 зертхана арасында ақпарат алмасу желісі құрылды, көліктерде, мемлекеттік органдарда, дүкендерде тегін антисептиктер орнатылды.
Бүгінде кәрістер маскалар киіп, маскаларда жұмыс істеп, тепловизорлардан өтіп, қолдарын антисептиктермен өңдеп жаңа жағдайда өмір сүруге бейімделді. 6 сәуір күні мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері үшін қалыпты режимде сабақ басталады. Өмір өз арнасына қайта келгендей. Бүгінде Оңтүстік Корея қауіпті елдер тізімінде жоқ. Мұндай нәтижеге олар өте еңбекқорлығының және жоғары медицинасының арқасында жетіп отыр.
Бұл пост сіз үшін пайдалы болды деп үміттенеміз. Егер сізде сұрақтар болса, біз оларға қуана жауап беруге дайынбыз!